Шығыс Қазақстан облысының әкіміне өтіріп ақпарат берген мектеп директоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі әкімнің Facebook парақшасына сілтеме жасап.
«Құрметті достар, өткен аптада Өскемендегі Согра шағын ауданындағы №23 мектепте болдым.
Тұрғындардың тығыз шоғырлануына байланысты бұл білім шаңырағында бала саны белгіленген мөлшерден асып кеткен. Сондықтан қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданған еді. Мектепті аралау кезінде маған қосалқы нысанның іске қосылғандығы, ол жерде балалар оқып жатқандығы туралы ақпарат жеткізілді.
Алайда, кейінірек ата-аналар арызданып, жаңа корпустың құрылысы әлі аяқталмағандығын айтты.
Тапсырмам бойынша тексеру жүргізілді. Өкінішке орай, жаңа корпуста ешкім оқымайтындығы анықталды. Ал ғимарат расымен-ақ, әлі қолданысқа берілмеген.
Нысанның мерзімінде өткізілмеуі және біле тұра жалған ақпарат беруі себепті аталмыш мектеп директоры қызметінен босатылды, ал облыстық білім басқармасының басшысына сөгіс жарияланды»,- деп жазды облыс әкімі.