Швейцария елінің Bilan журналы 21 тамызда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Динараның әйгілі “Бельрив” (Château de Bellerive) зәулім сарайын сатып алғаны туралы жазды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі upl.uz сайтына сілтеме жасап.
Женева қаласының шеткі бөлігінде орналасқан зәулім сарай Швейцарияның ұлттық жәдігерлері тізіміне енген. Аталған басылым мәліметі бойынша, Динара Құлыбаева ғимаратты 62 млн франкқа сатып алған. Бұл дегеніңіз шамамен 63 млн долларды құрайды.
Журналда «Бельрив» сарайы ханзада Садруддин Ага Хан тарабынан 1997 жылы ағайынды Сёрсоктарға сыйлық ретінде берілген. Ханзада Садруддин 2003 жылы 70-ке қараған шағында көз жұмған. Екі рет некелескен ханзаданың балалары болмаған. Ал ағайынды Сёрсоктар оның екінші әйелі Кетрин Алия Сёрсоктың балалары.
Басылым Сёрсоктың 28 мың 700 шаршы метр болатын хансарайды үш жыл бұрын 120 миллион франкқа сатуға шығарғаны туралы жазды. Сондай-ақ, журнал бұл Назарбаевтың қызының аталған елде сатып алған алғашқы жылжымайтын мүлкі емес екенін жазды. Мұның алдында 2009 жылы Женева қаласынан 75 млн долларға үй сатып алған. Алайда Динара Құлыбаева бұл мәліметке қатысты еш жерде пікір білдірген емес.