Қазақстанда 20 мыңдай адамның әрқайсысының жеке меншігінде 3 пәтерден бар екен. Мысалы, Нұр-Сұлтан тұрғыны бір кешеннен 65 пәтер алып тастапты. Жалпы, оның жеке басына 67 пәтер тіркелген. Қазіргі таңда сол пәтерлерде заңсыз түрде квартирант ұстағаны туралы ақпарат тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістерді бақылау департаменті директорының м.а. Әнуар Сүлейменовтің ақпратына сілтеме жасап.
Кірістерді бақылау департаментінің мәліметінше, елде 20 мыңнан астам адамның меншігінде 3 және одан да көп пәтер бар. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, тиісті салықтарды төлемей жүр. 150 адамның меншігінде 10-нан астам пәтер бар екен.
Жалпы, 2019 жылдың 5 ай ішінде жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша дара кәсіпкер ретінде 7 403 жеке тұлға тіркелді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 22%-ға немесе 1320 жеке тұлғаға көп. Салықтық түсім сомасы 37 %-ға өсті және 7 252,1 млн теңгені құрайды немесе 1 951,3 млн.теңгеге көп.