Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Махамбет Абисатовты ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатты, деп хабарлайды Neonomad.kz.
Мемлекет басшысының жарлығы Ақорданың сайтында жарияланды.
Абисатовтың орнына Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы болған Арыстанғани Заппаров тағайындалды.
Вице-министр несімен ұнамай қалды?
Естеріңізде болса, осыған дейін желіде «На любой стрелке обосную» деп аталған ролик жарияланған болатын. Ал сипаттамасында болса видео Ақтөбе облыстық полиция департаментінде өткен жиналыста жасалғаны айтылған. Бейнедегі титрде жиында сөз сөйлегендердің бірінің дауысы вице-министр Махамбет Абисатовқа тиісті екені жазылған.
Өздеріңіз есіткендей, лауазымды тұлғаның аузынан қара ит кіріп, қара ит шығып жатыр.
Ішкі істер министрлігінде аудиожазба бойынша орынбасарға қатысты тексеріс басталды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев фоноскопиялық және филологиялық сараптама жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.