Мемлекет басшысының жолдауын орындау аясында 2025 жылға дейін «Нұрлы жер» атты жаңа бағдарлама бекітілетін болады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Атамқұловтың айтуынша бағдарламаға қатысудың нақты критерийлері ұсынылды. Бұл бағдарламаға қатысу үшін халықтың табысы айқындаушы фактор болатынын айтты. Сонымен қатар осы бағдарлама 5 міндеттен тұрады: бірыңғай тұрғын үй саясатын жүргізу; халықты сапалы ауызсумен және санитарлық-техникалық қызметтермен ұтымды қамтамасыз ету; коммуналдық секторды жаңғырту және дамыту; тұрғын үй қорын күрделі жөндеу және жаңарту; құрылыс индустриясының да дамыту.
«Жаңа тұрғын үй саясатының идеологиясы – жұмыс істейтін әрбір қазақстандықтың жеке баспанасы болады. Бұл үшін баспанаға қол жетімділіктің баспалдақтары салынуда, баспанаға мұқтаж әр отбасыға тұрғын үй жағдайларын жақсарту тетігі ұсынылады», – деп түсіндірді Бейбіт Атамқұлов.
Айқындаушы фактордың бірі халықтың табысы екенін ескере отырып, кірісі жоқ немесе отбасы мүшелеріне шаққандағы бір адамның ғана кірісі бар (21,5 мың теңге) отбасылар сатып алу құқығымен жалдамалы баспанамен қамтамасыз етіледі.
«Әлеуметтік жалдамалы тұрғын үй табысы жоқ азаматтарға беріледі. Жалға берілетін тұрғын үй әлеуметтік осал санаттарға, яғни жетім балаларға, мүгедектерге және басқалар үшін тағы салынады», – деді Бейбіт Атамқұлов.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Бақытты отбасы» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы «2-10-25» мақсатты аудиторияға – көпбалалы, толық емес отбасыларға және мүгедек балалары бар отбасыларға бір отбасына шаққандағы ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын болады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының әлеуетті қатысушылар санын (2-10-25) 10 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.