Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Сұлтанбеков Astana LRT құрылысы кезінде ақша жымқырды деген күдікке алынды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екінші департаментінің басшысы Сергей Перов Нұр-Сұлтандағы LRT жобасына қатысты тергеу туралы ақпарат берді.
«Жемқорлыққа қарсы қызметтегілер LRT құрылысы кезінде ақша жымқыру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іске қатысты тергеуді аяқтады. Тергеу миллиардтаған ақшаның жымқырылғанын және ол іске Астана әкімдігінің лауазымды қызметкерлері, «Астана LRT» мен жекеменшік компаниялардың директоры қатысқанын анықтады. Қылмыстық топты елорда әкімнің экс-орынбасары Сұлтанбеков пен «Астана LRT» басшысы Талғат Ардан шетелдік, қазақстандық компаниялардың қолдауымен ұйымдастырған», – деді Перов брифинг барысында.
Бюджетті жымқырды деп айыпталған тұлғалар мемлекетке бес миллиард теңге шығын келтірілген.
«Ресми мәліметтер бойынша, Сұлтанбеков, Ардан және Абдухамитов халықаралық іздеуде жүр. Абдухамитов – мердігерлік ұйымдардың бірінің басшысы», – деді Перов.
Биыл қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне LRT ісі бойынша тергеуді аяқтауды тапсырған болатын.