Маржан Арапбаева Алматыға алғаш рет келгенінде қалтасында тек мың теңге болғанын айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
«Менің өмірім» бағдарламасына қатысқан қазақстандық журналист мегаполиске алғаш келгенінде, қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді.
«Мен мектепті аса қиын кезде аяқтадым. 1995 жыл – айлық талонмен берілетін уақыт. Анам марқұм сол кезде ана адамға бір барып, тағы біреуге жолығып зорға жинап, мың теңге қолыма ұстатты. Әзірге бары осы екенін айтып, кейін тағы салып жіберуге уәде етті.
Сол кезде ана мың теңгені дірілдеп, қалшылдап жеткізуге тырыстым. Тамақ ішу керек, автобуспен жүру керек. Өзім Алматыға бірінші рет келіп тұрмын. «Қалай болады» деп қорқып тұрмын. Оқуға түскенімде маған ең бірінші Гаухар есімді қыз көмектесті. Кейін менің жақын құрбым болып кетті.
Киім-кешегімнің барлығын арқалап келдім. Бірақ, дене шынықтыруға арналған аяқ киім жоқ екен. Гаухар екеуміз базарға барып, саудаласқанның өзінде аяқ киімді 200 теңгеге алдық. 800-ақ теңге қалтамда қалды. Ары-бері жүрісім бар. Жейтін нәрсе алдық. 50 теңге тағы кетті. Солай 700 теңге үнемдеп жүрген кезім болған», – деді әнші.
Абырой болғанда, сол кезде студенттерге мүмлекет тарапынан қолдау жақсы болған. Тегін жатақхана, тіпті үш реттік тамақ ұйымдастырылғанын айтты Маржан Арапбаева.