Көпбалалы аналар мен шенеуніктің көтеріңкі дауыста сөйлескен сәті түсірілген видео Instagram желісінде жарияланды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі.
Astana.times парақшасында видео жарияланды. Онда Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенге ұқсайтын ер адамды және онымен кездесуге келген көпбалалы аналардың отырғанын байқауға болады.
Видеода бір әйел «Ақорданың алдына барып, асылып өлемін» деп шенеунікті қорқытуға кіріскенін көруге болады. Оның сөзіне қарағанда, пәтер мәселесі талқыланып жатыр.
«Ақорданың алдына барып, асылып өлемін. Жауап бересіз. Білдіңіз ба? Жеңілдім», – деген әйелдің жанайқайын естуге болады.
Ал әкім орынбасары болса өз кезегінде әйелді сабырға шақырып, тыныштатпақ болды.
«Барыңыз. Менде 47 мың адам бар», – дейді Бақтияр Мәкен.
Конференция залында отырған әйелдер де қосылып, «47 мың адамға жеткізген кімдер, сіздер» деген дауыстарын кадрдан естуге болады.
Жиналғандармен тіл табыса алмаған шенеунік ақыры пәтер берілмейтінін айтты.
«Мен бірге осы мәселені шешуге шақырдым. Тыныш. Балағат сөздер айтпаңыздар. Сіздер өз үйлеріңізде отырған жоқсыздар. Ақордаға барыңыз, мейлі, бірақ мен сіздерге пәтер бермеймін. Күте тұрыңыздар деп сабырға шақырған едім, болмады», – деді ашуға мінген астана әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Видеоның астында пікір қалдырғандардың басым бөлігі шенеунікті қолдапты.
«Мына жерде әйелдердің естері кеткен ғой», «Халықты еркелетті, енді шыдап отырсын», «Күйеулеріне осылай айқайласын, баланы жасаған солар ғой», «Мынадай аналар балаларына нендей тәрбие бере алады», Мода болған ба секіру? Мосттан секіргің келсе, айтпай секір», – деген ғаламтор қолданушылары сөзге келмеген әйелдердің қылықтарын сынап тастады.