Қостанайда кәмелетке толмаған екі жасөспірім егде жасындағы әйелді сабап кеткен, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Оқиға осыдан екі ай бұрын орын алыпты. «Строитель» шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің ауласында 14 пен 17 жастағы екі бойжеткен егде жастағы әйелді өлгенше сабап тастаған.
Ауыр соққыдан 51 жастағы әйел ауруханада жан тапсырды.
Тұрғындардың сөзінше, жасөспірімдер бұған дейін көп қабатты үйлердің кіре-берісінде желім иіскеп желігіп, көптің көзіне түскен екен, деп жазады арна.
Әйелдің өліміне себеп болған екі қыздың қай мектепте оқитыны белгісіз. Оларға қатысты қозғалған қылмыстық істі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотта қаралмақ.
«Қылмыстық іс Қостанай облыстық мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың қарауында. Күдіктілер ҚР қылмыстық кодексінің 106 бабы 3 бөлімі, яғни «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айыпталып отыр», – деді Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі Зәуре Едікова.