Семейді, тіпті бүткіл Қазақстанды шулатқан Мәншүк Мәметованың мүсіні ақып ғайып болды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Атышулы мүсін Семейдегі № 12 «Ажар» балалар бақшасының аумағына көшірілген болатын. Алайда балалардың ата-аналарының наразылығынан соң «композияция» ғайып болды. Балабақшадағылар оны авторлары – ерлі-зайыпты Иван мен Юлия Куртуковтар қайда алып кеткенін білмейтін болып шықты.
«Біз бұл мүсін балабақшаның интерьеріне сай келе ме, жоқ па, соны білгіміз келді. Ол сәйкес келмеді, ұнамады, содан оны иелеріне қайтардық», – деп хабарлады мекеме.
Еске сала кетейік, Семейде Мәншүк Мәметованың ағаштан қашалған мүсіні Жеңіс саябағында пайда болды. Су жаңа мүсін әлуметтік желіге лезде тарап, жұрт арасында наразылық тудырды. Кейбіреуі оны мыстан кемпірге ұқсағанын айтса, енді біреуі жергілікті биліктен батыр қызды қорлауды тоқтатуын талап еткенін жаздық.