Қайсар рухты ұлттың әдебиеті мен мәдениетінің қалыптасуына және оның дамуына үлес қосқан тұлғаларды білу – өскелең ұрпақтың басты міндеті. Ұлы тұлғалардың есімі қайта жаңғырып, зерттелуі үшін елімізде «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы қолға алынып, кезең-кезеңімен орындала бастады.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Аталмыш мекеме еліміздегі тарих саласындағы жетекші ұйымдармен бірлесе отырып, ел тарихында аты аңызға айналған тұлғалардың тізімін жасады. Сондай-ақ институт мамандары жоба аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты мультимедиялық платформа құрастырып шығарды. 100-дан астам ұлы тұлғаның есімі енгізілген платформа үш тілде жұмыс жасайды. Мультимедиялық виртуалды алаңда энциклопедиялық парктің интерактивті веб-нұсқасын байқауға болады.
Сонымен қатар тарихи тұлғалар туралы жүйеленген мәліметтер арнай каталог арқылы көрсетілген. Онда біздің заманымызға дейінгі I мыңжылдықтан VI ғ. – VII ғ. ортасына дейінгі Көне дәуір және Түркі дәуірі, VIII – XII ғғ. Моңғолдарға дейінгі дәуір, XII-XV ғғ. Моңғол дәуірі және Алтын орда кезеңі және XV-XVIII ғғ. Қазақ хандығы, XVIII ғ. бірінші жартысы – 1917 жыл аралығындағы отаршылдық заманы және 1917-1990 жж. және 1991 жылдан бастап Кеңес одағы мен тәуеліздік кезеңіне дейінгі белгілі тұлғалардың есімдері енген.
Ел тарихында есімін әлем таныған тұлғалар жетерлік. Мысалы, ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енген ғалым, ойшыл Әбу-Насыр әл-Фараби, түрік қағанатының негізі болған Күлтегін, ұлы билеуші Тұғырылхан, ел билігінде аты аңызға айналған хандар Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы, Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды тұлғаларымызды тізбектеп шығуға болады.
«Алаш қозғалысының тарихта алар орыны ерекше. Өйткені Алаш қазақ халқына күш-қуат және бірлік пен сенім берген – ұлттық идея. Осы уақытқа дейін ұлы тұлғалар жайын, Алаш қозғалысының көшбасышыларын жиі айтып келеміз. Дегенмен, Алаш қозғалысына арқау болған, оған күш берген қалың көпшілік бар. Біз сол көпшілікті әлі күнге дейін түгендей алмай келеміз. Олардың басым бөлігі репрессия құрбандары болады. Сол қайсар азаматтардың өміріне байланысты маңызды құжаттар әліде жабулы күйде. Бұл өте өкінішті жағдай. Осындай ізденістер сол тұлғалардың өмірін зерттеуге, оны халыққа жетуіне септігін тигізеді. Қазіргі таңда бұл жоба тарихшылар мен этнолог мамандарға үлкен жол ашып отыр. Біз соған жұмыс жасап жатырмыз», – дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді.
Расымен, қиын заманда репрессия құрбаны болып, халық арасында аңызға айналған тұлғалардың да есімдері «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізіміне енсе орынды болмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу керек деген болатын. Тапсырма жүктелген сәттен-ақ, тарихымыздың қалыптасуына арқау болған тұлғалармызды зерттеуге сала мамандары жұмылдырылды.
Қазіргі таңда аталған оқу-ағарту саябағын ашу жұмыстары пысықталып жатыр. Жақын арада сала мамандарының іріктеуімен 100 тұлғаның есімі нақтыланатын болады. Энциклопедиялық саябақ инфрақұрылымдық артықшылықтары бар аймақтарға қойылады. Мысалы, Нұрлы-Жол теміржол вокзалы, ЭКСПО-2017 көрмесі, Президенттік парк немесе Хан-Шатыр аудандарында орналасады.
Ұлы тұлғалардың мүсіндерін орнатуда хронологиялық жүйе сақталады. Сондай-ақ 100 тарихи тұлғаның бас мүсіндері мен қысқаша өмір жолы, атқарған еңбегі туралы ақпараттық тақта қойылады. Бұл ақпарат үш тілде болады.
«Жобаның жүзеге асуына бір ғана мекеменің еңбегі сіңген жоқ. Жалпы халықтық жоба болғандықтан, көп жұмыстар істелді. Бұл жерде тарих және этнология институты тек координатор қызметін атқарып отыр. Ұлы тұлғалардың тізімін жасауда отызға жуық автор жұмыс істеп жатыр. Біздің институт атқарылған жұмыстарды бір жүйеге түсіріп отыр. Себебі тарихты жазушы, құрастырушы ғалымдардың өзіндік стилі бар. Солардың барылғын бір ізіге салып, ортақ стиль сақталу керек», – дейді мемлекет тарихы институты директоры, тарихшы Бүркіт Аяған.
Жоба аясында Ақмола облысы «Көкшетау-Нұр-Сұлтан» тас жолының бойына қазақ өнері мен мәдениетінің қалыптасуына арқау болған тұлғалардың мүсіні орнатылды. Олардың қатарыннан Ақан сері Қорамсаұлы, Біржан сал Қожағұлұлы, Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының, сондай-ақ әйгілі көшбасшы, ұлт көсемі Кенесары Қасымұлының мүсінін байқауға болады.
Әлемдік тәжірибе: өзге елдер өз мақтаныштарын қалай ұлықтайды?
Дамыған елдер мемлекеттің нығайуына, мәдениет пен саясаттың дамуына, азаматтық қоғамның қалыптасуына атсалысқан тұлғалардың еңбегін зерттеп, олардан қалған мұраны сақтауға аса мән береді.
АҚШ-та Рашмор тауының оңтүстік-шығысында саяси қайраткерлерге арнап ескеркіштер алаңы тұрғызылған. Онда АҚШ-тың ең атақты президенттері Томас Джефферсон, Джордж Вашингтон, Авраам Линкольн және Теодор Рузвельттің бас мүсіндері қойылған. Сонымен қатар 2004 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған ұлттық мемориал орнатылған. Вашингтонның Ұлттық галереясындағы мемориал 16 миллион әскери қызметкер мен соғыста қаза тапқан 405 мың жауынгердің құрметіне тұрғызылған.
Көрші Ресей елінің Вязьма қаласында 1916 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлеріне арналған бульвар салынған.
Түркия Шанақкале ауданында Галлиполь шайқасында қайтыс болған 250 мың жауынгерге арнап Шейіттер мемориалы салынған. Мемориалдың асты мұражайға айналған, ал оның жанында түрік зираты бар. Бейіттерде қайтыс болған жауынгерлердің есімдері мен туған қалалары жазылған тақта орнатылған.
Ал Францияда елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті Шарль де Голль құрметіне тұрғызылған алаңда Революция мен Бірінші империя кезінде Францияға қызмет еткен 660 қолбасшының есімі ойып жазылған.
Осылайша, тарихи кезеңдерді есте сақтау үшін мемориалды кешен тұрғызу – көп елдердің ұлттық идеологиясының негізгі ұстыны, міндет-парызы деуге болады. Барлығына ортақ мақсат – ел тарихына үлес қосқан әрбір азаматтың есімін есте сақтау, келешекке мұра ретінде табыстау.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасының көздеген мақсаты да – осы. Оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябақ тұрғызу арқылы тұлғаларды елге таныту. Сондай-ақ заманауи технологияларды пайдалана отырып ұлы тұлғалардың өмір жолы мен еткен еңбектерін білуге мүмкіндік жасау. Нәтижесінде, әлем елдері қазақтың аңызға айналған ұлы тұлғаларын танып-білуге, ұлттық мұраларымызды және тарихымызды зерттеп, еліміздің кеңінен танылуына септігін тигізеді.
Марфуға Қараман