Түркістан облысында ауыл имамын отбасының көзінше аяусыз соққыға жықты. Бұл туралы Ілияс Бұрханов есімді желі қолданушысы жеке парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Түркістан облысының Сайрам ауданында белгісіз біреулер имамды үйіне кіріп, бала-шағасының көзінше ұрып-соғып кеткен. Ауыл тұрғындары кінәлілердің бостандықта «тайраңдап» жүргенін айтты.
«90-шы жылғы күш көрсету әлі қалмапты. Мына видеода біздің ауылдың имамы. Үйіне кіріп, бала-шағасының көзінше ұрып кетіпті. Әйелінің айтуынша, қолында темір болған дейді. Кастет шығар. Ажыратуға келгендерді бұзықтың екі інісі есіктің алдында кіргізбей ұстап тұрған ғой. Ауыл жағасын ұстап отыр. Жәбірленуші ауруханада, ал ұрушы сол жүрген «тайраңдап». Онымен қоса «өлтіріп тастаймын, бала-шағаң жетім қалады, маған десең әкім-генерал-менералыңды да алып кел» деген сөздермен қорқытқан. Істі соңына дейін жіті қадағалап, лайықты жазасын алуды сұраймыз. Мұны заңды түрде жазасын беріп тоқтатпасақ, күш көрсетуді жақсы көретіндер көбейеді», – дейді Ілияс Бұрханов.
Бұл оқиғаны аталған өңірдің полиция департаменті растады. Әзірге сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Аталған фактіге сәйкес, оқиға Сайрам аудандық полиция басқармасында тіркелді. Ол 10 шілде күні болған. Тиісті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалып жатыр. Кейін нәтижеге сәйкес шешім шығарылады», – деді Түркістан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.