17 шілдеде Қостанай облысының тұрғыны лотереядан 2 млн теңге ұтып алған. Алайда оны алып кетуге асығар емес, деп хабарлайды Neonomad.kz «Алау» арнасына сілтеме жасап.
Екі миллионды ұтып алған әйел 17 шілде күні Торғай ауылындағы Қазпошта бөлімшесінен лездік лотерея сатып алған. Сөйтіп 5 мың доллардан сәл астам ақша ұтып алыпты.
Ең қызығы, әйел жоқ болып кеткен. Яғни, ұтысын алып кетуге асығар емес. «Сәтті жұлдыз» ұлттық лотерея операторы» АҚ қызметкерлері оған ұтысты алу үшін құжаттарын алып, Қостанайға бару қажеттігін түсіндірген. Тіпті алдын ала келісіпті, бірақ келмей қалған.
«Оның телефоны әлі күнге дейін сөндірулі, біз одан тезірек келіп, ұтысын алып кетуін сұраймыз», – деп атап өтті компанияның PR-менеджері Әсемгүл Сыздықова.
Егер әйел 180 күннің ішінде ұтысын алып кетпесе, онда ақша мемлекетке аударылады екен. Ұтыс салығы 10% болады, бірақ ол автоматты түрде алынады.