Нұр-Сұлтан қаласындағы жер үйден шыққан өрттен кейін бір отбасының бес бірдей баласы көз жұмған болатын. Араға біраз уақыт салып Ситер отбасы қазіргі өмірлері мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі экс-депутат Тәңірберген Бердіоңғаровтың Youtube арнасына сілтеме жасап.
Ерлі-зайыпты арада біраз уақыт өтсе де, әлі де қыздарының өліміне көндіге алмай жүргенін айтады. Бүгінде олар халық жинап берген ақшаға сатып алған екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Сондай-ақ, олар алдағы уақытта жетімдер үйінен бала асырап алмақ ниетте.
Жанымгүл Ситер үйіне келгенде қыздарды жедел жәрдеммен ауруханаға алып кеткен. Ол таңғы сағат 07:00-ге дейін көлікте тапжылмай отырып қыздарынан хабар күткен. Балалары тірі қалды деп ойлаған. Бірақ, артынша қаралы хабарды күйеуі келіп жеткізген.
«Қаралы хабарды естігеннен кейін туыстарымыз бізді алып кетті. Бірақ мен үшін қыздарымыз әлі жанымызда сияқты. Өз көзіммен көрмеген соң солай болып жатқан болар. Мен ол үйге енді кіре алмаймын. Аяғым баспайды», – деп көзіне жас алды Жанымгүл Ситер.
Евгений мен Жанымгүл бүгінде көлік бекетін жалға алып, екеуі сол жерде жұмыс істеп жатыр. Олар өздеріне осы күнге дейін қолдау білдіріп келген халыққа алғыс айтты.
«Желідегі жазбалалардан адамдардың бізді әлі күнге дейін кінәлайтынын оқимын. Біз сол сәтте еріккеннен жұмыс істемедік. Бізге түсіністік танытса екен. Мен ешкімге ренжімеймін», – дейді ол.
Естеріңізге сала кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында ақпан айында бір үйдің бес бірдей баласы өртеніп кеткен болатын.