Ақтөбеде тұрмысы төмен отбасына берген әкімнің баспанасы өте қауіпті жағдайда. Сондықтан отбасы палаткада ұйқтайды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Күндіз үйде, түнде палатканы паналайтын Сахтиндер отбасында бес адам бар. Әкімдіктен берілген баспананың тек аты болмаса, былай саяжай. Қала іргесіндегі «Строитель» бау-бақша ұжымынан берілген.
Үйдің төрт қабырғасы бар, алайда электр тоғы тартылмаған, ауыз су жүргізілмеген. Олар өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бірақ тұрмысы төмен отбасында мектепке баратын үш бала бар. Олардың киім-кишегі өз алдына мәселе. Балалардың тіпті есік алдына киіп шығатын сүйретпе аяқ киімі де жоқ, деп жазады портал.
«Өзім байлардың үйін жинап, 2-3 мың теңге аламын. Ол тапсырыс бірде болады, бірде болмайды. Күйеуім жол бойында тұрып, жұмысқа жалданады. Ақша бір күн бар, екінші күні жоқ. Үлкен қызым 8 сыныпқа, ортаншысы 4 сыныпқа, кішісі мектепке дайындыққа барады. Балалар сабаққа дайын емес. Ақтөбе қаласының әкім Мавр Абдуллин 6 сотық жері бар саяжай берді. Мұндағы үйдің тек төрт қабырғасы бар. Бетон төбе жарылып тұр, құлап кетуі мүмкін. Қауіптеніп, далаға қонып жүрміз. Ал атаулы әлеуметтік көмек алуға тұрақты жұмыс керек», – дейді Мира Байтуғанова.
Алдымыз қыс. Сондықтан шырылдаған ана жергілікті биліктен баспананың төбесін жауып, пеш салып беруін сұрайды.
«Терезе салып, төбесін жабу керек. Үйге пеш салып, от жағуды жоспарлап отырмыз. Қазір үй секілді шағын сарайдан дала көрінеді, төбесі сәл қозғалда ортасына түсейін деп тұр», – дейді келіншек.
Ал қалалық әкімдік болса отбасы сұраған көмек көрсетілгенін айтып, ақталуда.
«Бір ай бұрын әкімнің қабылдауына келген. Үй құрылысына жер беру мәселесін қарастырып беруін сұраған. «Құрылысты өз бетінше жүргізем, тек жер берсеңіз жетеді» деп мәлімдеген. Жері берілді, рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Әрі қарай құрылыс жұмыстарын өз күшімен жүргізулері тиіс», – деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Отбасына көмек көрсетем деген қайырымды жандар мына нөмірлерге хабарласа алады: Мира Байтуғанова: 8778 126 10 21, 8771 686 10 21