«Ақжол» демократиялық партиясы орталық кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлы тележүргізуші мен әзілкешті сотқа берген Ләйлә Сұлтанқызын сынады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Арман Сқабылұлының жазбасын әріптесі Бибігүл Дәулетбекқызы өзінің парақшасында бөлісті.
«Ләйлә Сұлтанқызы журналист Бибігүл Дәулетбекқызы мен КВН-ші Нұрболхан Шараповты ғана сотқа бермей, намысы бар, ұятты ойлар, ұрпақ тәрбиесіне алаңдайтын қазақтардың барлығын сотқа беруі керек еді. «Өз ойымға» қазақ қызының пәктігін саудалауын шығаруына жоғарыда аталған екеу ғана емес, намысы бар қазақтың бәрі өре түрегеліп, қарсы болған жоқ па?» – деді Арман Сқабылұлы.
Әрі қарай ол мұның өте қауіпті құбылыс екеніне назар аударды.
«Енді келіп Бибігүл мен Нұрболханды «жалған ақпарат таратты» деген айыппен сотқа сүйреуде. Бұл – өте қауіпті құбылыс! Бүгін «Өз ойым», ертең «Қалаулым», сосын тағы бір бағдарлама жүргізушісі өзін сынағандарды сотқа жетектей бере ме?» – деп сауал тастады Арман Сқабылұлы.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін танымал тележүргізуші екі азаматты сотқа бергені туралы хабарлаған едік.
Коллаж: Stan.kz