«Тальго» пойызында үйіне бара жатқан қызды зорлады деген күдікпен ұсталған жолсеріктердің бірінің әкесі ұлын қорғап сөйледі. Айтуынша, оның ұлы мұндай әрекетке баруы мүмкін емес. Мұны бойжеткен тек ақша бопсалау үшін жасап отыр дейді ол, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін жолсеріктер Қолқанат Құлманиязов пен Жетес Үмбетәлиевтің ісіне қатысты сот үкімі шығады. Оқиға 2018 жылдың қыркүйек айында болған. Жәбірленушінің айтуынша, пойызбен үйіне келе жатқан кезде жолсеріктер кезек-кезегімен купесіне кіріп, сол жерде зорлап тастаған. Алайда жолсеріктердің өздері де, туыстары да мұны жоққа шығарып отыр.
«Бұл жағдайда ұлымды кінәлі деп ойламаймын. Қыз бар болғаны ақша өндіріп алғысы келіп отыр. Осы уақытқа дейін екі миллионнан төрт миллионға дейін ақша сұраған болатын. Бірақ біз ол ақшаны бермедік. Өкінішке орай, оның бұл ақшаны сұрағанына еш дәлеліміз жоқ. Бастапқыда оның денесі көгермеген еді. Кейін өзі көгерткен. Бірінші медициналық сараптама ешбір ішкі және жарақаты жоқ екенін көрсетті. Кейін жәбірленуші өзі жасатқан тәуелсіз сараптама басқа нәтиже көрсетті. Үстін өзі көгертіп алған», – дейді жолсеріктердің бірінің әкесі Сәрсенбай Құлманиязов.
Тағы бір жолсеріктің туысы Әділжан Қоюжанов жәбірленушінің қоғамда шу тудырып, осылайша сотқа қысым көрсеткісі келіп жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол бауыры үшін бұл жұмыстың аса қымбат болғанын айтып өтті.