Қазақстанның Коррупцияға қарсы қызметі 27 наурызда Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік бөлімімен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы Тілектес Барпибаевқа қатысты БАҚ-та тараған жекеменшік ұшақты пайдаланды деген ақпаратқа сәйкес тексеру басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Коррупцияға қарсы агенттіктің мәліметінше, жекеменшік ұшақ Германияда медициналық операция жасату үшін Барпибаевтың кәсіпкер туысы (қайын атасы) жалға алған. «Барпибаевтың судья этикасын сақтау мәселесін Жоғарғы соттың комиссиясы тексеріп жатыр. Тексеру қорытындысына сәйкес шешім қабылданатын болады», – делінген хабарламада.
Өткен аптада жергілікті БАҚ наурыз айының басында жекеменшік ұшақпен астанаға Барпибаевтың туыстарының ұшып келгенін хабарлады. Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі төрағаның еңбек демалысында екенін мәлімдеген.
60 жастағы Барпибаев астана сотының төрағасы болып бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2013 жылы тағайындалған. Ол оған дейін Алматы облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған. 2007- 2012 жылдары Алматы қаласы сотының төрағасы болған.