Өскеменде әйел туған балаларын далада қалдырып кеткен. Аязда қатып, қарындары ашып қалған екі бүлдіршін ана мен бала орталығына түсті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Әлеуметтік мекемеге түскен қыз бен бала қазір қазір ем қабылдап жатыр. Олардың қарындары тоқ, үстері таза. 9 жастағы Данил туған анасына қайта оралмайтынын, балалар үйінде тұрғысы келетінін айтады.
Бала ДЦП дертіне шалдыққан, жүре алмайды. Ал қарындасы бір жарым жаста. Балаларды туған анасы бірнеше сағат бойы далада ұмытып кеткен. Көршілері дабыл қағып, полиция шақырды.
Дәрігерлердің сөзінше, балалар өз үйлерінде әбден қорлық көрген. Олардың денелерінде күйік іздері көп. Данилдың айтуынша, өгей әкелері темекісін балалардың денесіне сөндірген.
Медициналық орталық дәрігерлері полицияға хабарласты. Іске қалалық қоғамдық кеңес те араласты. Олар балаларды отбасына қайтару қылмыс деп отыр.
«Бұл расымен де жантүршігерлік оқиға. Әрине, біз тиісті шараны қолға аламыз. Балаларды мамандандырылған үйге тапсыру қатысты өтініш жазамыз», – деді Өскемен қаласы денсаулық сақтау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Татьяна Чернышова.