Жолаушының қауіпсіздігіне жауап берудің орнына, қылмыс жасаған жолсеріктер үшін ҚТЖ кешірім сұрады, деп хабарлайды Neonomad.kz.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтың сөзінше, пойызда әйел зорлаған бұрынғы қызметкерлер барлық жолсеріктердің беделіне нұқсан келтіретіндей қылмыс жасады және олар сотталуы керек.
«Мұндай жағдайдың болғаны өте өкінішті. Сондықтан компания және өзімнің атынан кешірім сұраймын. Мен жолсеріктер мұндай әрекетке бармау керек еді деп санаймын. Олар жолаушының қауіпсіздігіне жауап берудің орнына, қылмыс жасады. Салдарынан жолаушы ғана зардап шегіп қоймай, біздің жолсеріктердің, қызметкерлердің беделіне нұқсан келді. Біздің ойымызша, олар сотталуы тиіс», – деді Қанат Әлмағамбетов баспасөз мәслихатында.
Кешірім сұраған компания өкілі «Нұр-Сұлтан-Ақтөбе» пойызына қатысы бар қызметкерлер түгел жұмыстан шығарылғанын айтты.
Еске сала кетсек, 26 шілде күні «Тұлпар-Тальго» пойызында жолаушыны зорлаған екі азаматқа сот үкімі шыққаны туралы хабарлаған едік. Сот үкімі бойынша, қыз зорлаған жолсеріктердің бірін 2,5 жылға, екіншісін 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған болатын.