Мұғалімдерді қағазбасты жұмысқа салғандарға айыппұл салынады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов “Ашық алаң” бағдарламасының тікелей эфирінде айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
“Педагог мәртебесі туралы” заңда тиісті нормалар бар. Біріншіден, 20-120 АЕК аралығында айыппұл салу қарастырылған. Екіншіден, біз алғаш рет мұғалімдер қандай құжаттарды толтыру керек деген сұраққа жауап бердік”, – деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан унитарлы мемлекет болғанымен, бір заңға бағынғанымен, өңірлердегі жағдай назар аударуды қажет етеді.
“Бір облысты тексердік. Онда мұғалімге 130 құжат тексерту міндеттелген екен. Ең қынжылтатыны – ұстаздар сол құжаттарды, қаншама есептерді толтырады, бірақ бұл құжат, есептер ешкімге керек емес”, – деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұл есептерді оқуға ешкімнің уақыты да жоқ.
“Қазіргі уақытта біз тиісті тізімді дайындадық. Сол тізім бойынша пән мұғалім нақты бес құжат қана толтырады”, – деді ол.