БҚО-да әйелін қорғамақ болған ер адам ауылдасының көзін ойып алды. Сондай-ақ, ол оның қол-аяғын арқандап, жылу батареясына байлап өлтірді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
16 қыркүйекте БҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында облыс тұрғыны Қалиевтің ісі қаралып, сот үкімі шықты. Сотталушы ҚР ҚК 106-бабына сәйкес («Адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, салдарынан өліміне алып келу») кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 36 жастағы ер адам жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-түзету мекемесінде өтейді.
27 сәуір күні Жәнібек ауданы Тау ауылының тұрғыны Сартаева есімді азамат күйеуі Қалиевтің ұялы телефонына хабарласып, өзін ауылдасының зорлағалы жатқанын айтады. Өзге ауылға бара жатқан Қалиев кері бұрылып, үйіне келеді.
«Ол үйіне кіріп келгенде әйелінің асүйдің еденінде жатқанын, оның үстінде Нұралиннің отырғанын көреді. Сол бойда ашуға берілген сотталушы жұдырығымен ауылдасының бетінен ұрып, өз кезегінде ол еденге құлаған. Ал әйел орнынан атып тұрып, үйінен қашып шығыпты. Онымен қоса Нұралин де қашпақ болған. Алайда Қалиев оны ұстап алып, жерге құлатып, ұрып-соғып, қолына пышақ алып, оң көзін, артынша сол көзін ойып алған. Мұнан кейін ер адамның қол-аяғын байлап, батареяға байлап қойыпты», – деп келтірді Stan.kz ақпарат агенттігі судья Бақыт Ермахановтың сөзін.
Бұл орайда судья Қалиевтің жасаған қылмысынан кейін бұл туралы бірден полиция мен фельдшерге хабарлағанын атап өтті.
«Нәтижесінде жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған», – дейді судья.
Айта кету керек, прокурор Қалиевті ҚР ҚК 99-бабына сәйкес (Кісі өлтіру) соттауды сұрады. Алайда судьяның шешімі бойынша, аталған бап ҚР ҚК 106-бабына өзгертілді. Тергеу барысында Қалиев өз әрекетін ішінара мойындап, әйелін қорғағанын айтты.