Алматы қалалық полициясы ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен Ресей азаматын қолға түсірді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Өзін Сәлима деп таныстырған әйел адам зардап шегушіге кәсіби көріпкел екенін айтқан. Ал алданған алматылық келіншек онымен тылсым қызмет түрлерін көрсететін сайтта танысқан.
Күдікті интернет арқылы біраз сөйлесіп, жәбірленушіге жеке кездесуді ұсынған.
«Тылсым қызмет түрінің сеансын өткізу барысында алаяқ сенімге кіріп, жәбірленушінің 27 миллион теңгесін (шамамен 71 050 мың долларын) алдап алған», – деді полиция департаментіндегілер.
Тәртіп сақшылары көріпкелді ұстады. Күдікті уақытша тергеу абақтысына қамалды.
Тергеу барысында оған қатысты қылмыстық кодекстің 190 бабының 4-тармағы, 2-тармақшасы (аса ірі көлемде алаяқтық жасау) бойынша бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі қаралуда. Кінәсі дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.