Алматы қаласында көлік аяусыз қағып өткендердің жай-күйі белгілі болды. Үш ер адам екі түрлі ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалқамандағы №7 клиникалық емханаға 1991 жылы дүниеге келген екі адам жеткізілді.
«Біреуіне «ашық бас-ми жарақаты» диагнозы қойылды. Бас миы жеңіл дәрежеде зақымдалған. Денесінің оң жақ бөлігінде сынық бар. Ауырлығы – орташа дәрежеде. Екіншісіне «жабық бас сүйек-ми жарақаты» деген диагноз қойылды. Сондай-ақ, екінші азаматтың миы шайқалған. Ауырлығы – орташа. Ал үшінші науқас орталық қалалық ауруханаға жеткізілді. Оң қолдағы шынтағы сынған. Сол қолының білек тұсы сырылған», – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, Алматы қаласында түнде төбелес болып, көліктің әдейілеп үш адамды мыжып өткені туралы хабарлаған едік.