Жөтелін емдетем деп қолынан айрылды. Ақмола облыстық балалар ауруханасына тыныс жолдарының ауруымен түскен екі жарым жастағы ұл бала сол қолынан айрылып қалды. Анасының айтуынша, соңғы салған екпеден кейін қолы қарайып, жан кетіп қалған. Ақыры өміріне қауіп төнген соң кесіп тастауға тура келіпті. Енді бағасы қымбат протез алдырудың қамына кіріскен ана ақ халаттыларды сотқа бермек, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Екі жарым жасқа енді қараған Бауыржан қазір әке-шешесімен күліп-ойнап жататын жағдайға жетті. Тек сол қолы есіне түсіп кеткенде неге мұндай хәлге түскенін білмей қайран қалатыны бар. Ата-анасы «осындай жағдайға жеткізді» деп Ақмола облыстық балалар ауруханасын айыптайды. Ол жерге тыныс жолдары тарылып барған.
«Ол жерде бала екі апта жан сақтау бөлімінде ем алды. Өкпесіне бронхоскопия жасап, тазалады. Содан кейін палатаға ауыстырды. Палатада сол күні баланың сол қолына катетор арқылы антибиотик салды. Сол антибиотиктен кейін баланың қолы бес минуттан кейін жансызданып қалған», – деді Ақбөпе Қалила.
Екпеден кейін саусақтарының ұшы мұздай бастаған. Алғашында қаперге алмай, дәрігерлерге ескертумен болыпты. Анасының айтуынша, бірнеше қайтара ескерткеніне қарамастан, дәрігерлер тек уқалай беруден артық ештеңе айтпапты. Ақыры сол қолы қара мұз болып, саусақ ұшы жабысып, шынтаққа дейін қарайып кеткен.
«Сол жерде кезекші болған дәрігерлерге ескерттік, баланың қолына қан жүрмей жатыр, балам «қолым ауырды» деп жылап жатыр, баланың қолы мұздай болды, мұздап бара жатыр деп. Келді, көрді, қарады, «ол солай болады, массаж жасай беріңіз, кетеді, қазір бәрі жақсарады» деді», – дейді Ақбөпе Қалила.
Жағдайды бақылай алмайтын шамаға жеткенде елордадағы балалар ауруханасына жібереді. Мұндағылар баланың өзін аман алып қалу үшін қолын кесіп тастауға мәжбүр болған. Алайда облыстық аурухана өкілдері оған «екпенің қатысы жоқ» дейді.
«Бұл терінің ыдырауы яғни, некрологиялық детрит. Ол терімен бірге тамырда да болуы мүмкін. Ол біздің емшарамыздан болған жағдай емес. Бала бұрыннан бері ауырған. Сол ұзақ уақыттан бері асқынған сырқаты. Себебі, ол күре тамырында болды», – деді Ақмола облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бас дәрігері Елена Иванова.
Бала осыған дейін де бір ауырып, емделіп шыққан екен. Дәрігерлер соның салдары дегенге келтіреді. Яғни, бұрыннан келе жатқан сырқатынан баланың ағзасы, қан айналымы бұзылған дейді. Алайда Бауыржанның ата-анасы бұл сөзбен келіспейді. «Баламды қолынан айырды» деген анасы Ақбөпе жауапты медицина органдарының үстінен сотқа шағымданбақ. Мимен жұмыс істейтін қымбат протез алдыруға, емге кеткен шығындарын өтетуге және баласына психолог жалдау шығынын төлетуге оқталып отыр.