Көкшетауда кішкентай бала жабық тұрған құдықтың ішіне құлап кетті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде баланың құдыққа түскені жайла видео жарияланды. Оқиға 25 қазанда орын алған.
Ағалы-інілі (үлкені 10 жаста) екі бала дүкенге шыққан. Дүкеннен қайтып келе жатқанда інісі құдыққа түсіп кеткен. Құдықтың ішінде лай су болған. Абырой болғанда, ағасы абдырап қалмай сол маңдағы адамдарды көмекке шақырып, баланы құдықтан алып шыққан. Бала құлаған кезде кұдықтың қақпағы жабық тұрған. Алайда, бейнежазба авторы көрсеткендей, құдықтың қақпағын екі саусақпен де көтеруге болады. Жеңіл қақпақ үстінен басып қалса, айналып кетеді екен, деп жазады басылым.
Осы ақпараттан соң қалалық коммуналдық қызметтер аталмыш бейнежазбаға бірден құлақ асып, қазанның 27-де құдықтың қақпағын жапқаны туралы мәлімдеді.
«Бүгін таңертең «Су арнасы» мамандары Көктем,1 мекенжайында орналасқан құдықтың қақпағын ауыстырды. Қосымша айта кетсек, ашық тұрған құдықтар туралы ақпараттарға мониторинг жүргізілуде. Жақын уақытта қаланың коммуналдық қызметтері құдық қақпақтарын жабуға шығады», – деп атап өтті облыс орталығы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.