Қарағанды облысында 3 жасар баланы өлтірді деген күдіктінің туыстары сәбидің анасына кінә тағып отыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Күдіктіні «мейірімді, жұмсақ мінезді» деп сипаттаған туыстары барлық кінәні сәбидің анасына артып отыр.
«Оны қатты сүйетін. Бірақ әйелдің өзі кінәлі. Жұмысқа тұрып, жаз бойы еңбек етті. Ал ол болса қайта-қайта телефон соғып, маза бермеді. Ақыры соңында, міне, осындай жағдай болды. Оны да түсінуге тырысыңыздар. Жап-жас жігіт емес пе», – дейді Сопыжановтың өгей шешесі Светлана Рейхерт.
Белгілі болғандай, күдікті мен қайтыс болған 3 жастағы Максимның анасы мектеп кезінен бір-бірін ұнатып жүрген екен. Бірақ екеуінің арасында көп жанжал болған. Қыздың туыстары жігітті тым қызғаншақ деп, екеуінің сезімдеріне нүкте қояды. Бұл шешімді қабылдай алмаған күдікті Игентай Сопыжанов сүйіктісінің тәтесін балталап, өлтіреді. Ол кезде Игентай 17 жастағы бозбала болған.
Қылмыс жасаған жас жігіт түрмеге отырған кезде, қыз (есімі Ника) басқа жігітке тұрмысқа шығады. Бірақ ажырасып үлгереді. Сөйтіп анасының қолына бір баласымен қайта оралады. Ол кезде Игентай түрмеден мерзімінен бұрын шығып, жастар қайта қосылады. Бірақ сол баяғы қызғаншақтықтың салдарынан ба, әйтеуір екі жанжалдаса бастаған. Сондай жанжалдардың бірінде Игентай сүйіктісінің қолындағы 3 жасар баланы алып қашады.
Еске сала кетейік, 5 қыркүйекте кішкентай баланың ұрланғаны туралы жазған болатынбыз. Оның іздеу жұмыстарына 200-ден аса полиция қызметкері мен еріктілер жұмылдырылды. Ал 8 қыркүйекте үш жастағы Максимның өлі денесі табылған жаздық.
«Шет ауданы, Бұрма елдімекенінің маңынан жас баланың мәйіті табылды. Денесі ауыл шетіндегі орман екпесінде бұтақтармен жабылған. Өлімнің себебін тағайындалған сараптама көрсетеді», – деп хабар таратты Қарағанды облыстық полиция департаменті.
Кейін белгілі болғандай, баланы ұрлап, өлтіріп, денесін орман маңына тастап кеткен деген күдікпен 23 жастағы Игентай Сопыжанов ұсталған болатын.