Күйеуінің жылдар бойғы азабынан соң әйел үйінен кеткен. Балаларын тастап. Содан бері жеті жыл өтіпті, ана бір рет болса да төбе көрсетпеген, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Келінін іздеп келген Рашида Илахунова «Астарлы ақиқат» бағдарламасына қатысты. Ол жеті жылдан бері екі немересіне аналық махаббатын сыйлап келеді. Себебі, келіні балаларын тастап кеткен.
Бағдарламаға қатысқан Рашиданың келіні неліктен мұндай қадамға барғанын түсіндірді. Оның сөзінше, күйеуі оны үнемі ұрып, басқа әйелдермен көңіл көтерген.
«Бұл кісіге (енеме – ред.) ешқандай өкпем жоқ. Балаларды бағып-қаққаны рас. Әлі де бағып жатыр. Бұл кісінің Азат деген баласымен үйленгенбіз.
Моңғолиядан келіп, Жаркентте сауда істеп жүрдім. Сол жерде таныстып, үйлендік. Баласы маған күн бермеді. Бөтен әйелмен көзімше жатты», – дейді ол.
Оқиға былай болыпты:
«Исламның сегіз айлығында столовыйда жұмыс істеп жүрдім. Азат баланы қарап үйде қалатын. Ал Айша әжесінің қолында болды. Біз Жаркентте квартирада тұдық.
Бір күні үйге келсем, жатын бөлмеден бірдеңе көрінеді. Ештеңе ойламадым, ұйықтап жатқан шығар дедім. Барсам, ол орыс әйелмен бірге екен. Қысты күні еді, баламды алып орыс әйелді Жаркенттің полициясына апардым. Басқа амалым болмады», – дейді кейіпкер.
Күйеуінің опасыздығын кешіруден шаршаған әйел үйден біржолата кетіп қалған.
Алайда бағдарламаға қатысқан әйелдің бұрынғы күйеуі оның барлық сөзін жоққа шығарды.
Ер адамның сөзінше, ерлі-зайыптылар саудамен айналысқан. Бірақ келіншек ішімдікке салына беретін әдеті азаматты әбден мезі қылған.
«Кафеге жұмысқа шығамын деді. Бір орыс әйел екеуі үнемі ішіп келеді. Бекерден бекер дау шығарып, әлгі жерде сол әйелдің қойнынан шықтың деді. Өзінің бірге ішіп жүрген құрбысы еді. Мен алқаш әйелдерді құшақтап жата алмаймын», – деді ер адам.
Ер адам жұбайының үйден кетуіне бұл мәселелердің себеп болмағанын алға тартты. Оның сөзінше, келіншек оны алдап, қомақты қаржымен Моңғолияға кетіп тыныпты.