Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша іс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, соңғы жылдары 80-нен астам лауазымды тұлға әшкереленген болатын, оның ішінде 6 – республикалық маңызы бар, 22 – облыстық және 53 – қалалық және аудандық деңгейдегі лауазымды адамдар.
Олардың қатарында ІІМ орталық әскери-дәрігерлік комиссиясының төрағасы-полиция полковнигі Исабеков, ІІМ көліктегі ІІД ҰҚКБ бастығы Орманов, Атырау ІІБ бастығының орынбасары Қайралапов және басқа лауазымды тұлғалар бар.
2019 жылы ІІО-да әртүрлі деңгейдегі басшыларға пара алу, ұрлық және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану бойынша қылмыстық істер басталды.
«Облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі басшыларға қатысты қылмыстық істер тіркелген. Олардың қатарында Ақтөбе ҚП Астана ауданы жедел жұмыс жөніндегі бастығының орынбасары, «Өрт сөндіруші» АҚ Ақтөбе филиалының басшысы, Алматы қаласының ӨҚБ батальон командирі және оның орынбасары, Жамбыл облысы Талас ауданы ӨҚ бастығының орынбасары, Алматы облысы Панфилов ауданы ӨҚ ӘПБ бастығы, Қызылорда облысы Қазалы ауданы ӨҚ бастығы және басқалары бар», – деді АӨК бірінші департаментінің тергеушісі Қайсар Баржақсынов.
Қылмыстың 60%-ы пара, 20%-ы қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, 17%-ы ұрлық деп анықталған болатын.