Ақмола облысында рейд кезінде құқықбұзушылар «Охотзоопром» инспекторларына оқ атып, қорықшылардың бірі алған жарақаттан көз жұмды, деп хабарлайды Neonomad.kz.
Оқиға 23 шілдеде Жарқайың ауданында болған. Ақмола тірек пункті «Охотзоопром» өңірлік филиалының инспекторлары табиғатты қорғау заңнамасы сәйкес құқықбұзушылықтарды анықтап, жолын кесу үшін өңірді аралауға шыққан. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Инспекторлар рейд кезінде ақбөкеннің ауланғанын анықтап, «Нива» көлігін мінген браконьерлердің соңына түседі. Аталған көліктің мемлекеттік нөмірі қандай екені әзірге белгісіз. Тек Қостанай облысында тіркелген деген ақпарат бар.
«Нива» көлігінен оқ атылып, салдарынан екі инспектор жарақат алды», – деп хабарлайды орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында.
Sputnik.kz сайтының мәліметінше, 1976 жылы туған «Охотзоопром» инспекторы оқиға орнында қаза тапты. Кеудесінен оқ жарақатын алған ер адам дәрігерлер келгенше жан тапсырған.
1975 жылы туған екінші инспектор кеудесі мен иығынан жарақат алған.
Ақмола облысының полициясы күдіктілерді іздеп жатыр.