Нұр-Сұлтанның оң жағалауында белсенділер қауіпсіздік сертификатына наразылық танытып, пикет ұйымдастырды, деп хабарлайды Neonomad.kz.
4 тамызда Нұр-Сұлтанның оң жағалауында белсенді Бэлла Орынбетова «Илон Маск, құтқар бізді» деген плакатпен жалғызбасты пикетке шықты. Ол осылай қауіпсіздік сертификатына наразылығын білдірді. Оның пікірінше, мемлекет қауіпсіздік сертификаты арқылы азаматтардың жеке өміріне араласқысы келеді.
«Мен Қауіпсіздік сертификаттарының енгізілуіне қарсы шығып тұрмын. Осы уақытқа дейін митинг өткізгіміз келді рұқсат алып, бірақ бізге рұқсат берілмеді. Біз қарсымыз осындай жағдайдың болып жатқанына. Онсызда біздің БАҚ-та цензура бар. Оны сіздер барлығыңыз білесіздер. Жеке адамның өміріне араласқанды, мемлекеттің қол сұғуына қарсымын. Цензураның енгізілуіне қарсымын. Қалжың болып естілуі мүмкін, бірақ қазіргі абсурдтық жағдайда құтқаратын тек қана шексіз Илон Масктың интернеті ғана болатын шығар»,- дейді белсенді.
Оның пікірінше, билік халықты естіп жатқан жоқ Керсінше, қысып жатыр, дейді белсенді.
«Кешелі бері біз Нұр-Сұлтанда ешқандай әлеуметтік желіге кіре алмадық VPN-сыз. Коммуникация жасайтын мессенджерлер арқылы шыға алмадық. Тіпті гуглдың өзін бұғаттап тастады, оның өзіне кіре алмадық. Бұл жағдай тек тест жүйесінде ғой астанада, біртіндеп барлық республикаға тарайды. Сондықтан, менің үніме басқалар да қосылады деп ойлаймын», – деді Бэлла Орынбетова.
Есіл жағалауында өткен жалғызбасты пикетке Орынбетовадан соң графика дизайнері Мұратбек Кәрімов қосылды. Ол «Сертификат – жеке кеңістігіме қол сұғу» деге плакатпен өзінің наразылығын білдірді.
«Интернеттің бұғатталуы тікелей менің жұмысыма кедергі келтіреді. Кешеден бері көптеген сайттарға кіре алмай қалдық. Тіпті фейсбук, қарапайым гуглға. Бұл көп адамның, әсіресе фрилансерлердің жұмысына кедергі жасайды. Және бұл менің кеңісітігіме қол сұғу деп ойлаймын. Бұл қауіпсіздік сертификатын қондыруға мәжбүрлеу. Неігізі министрлер міндетті емес деп айтқан, бірақ бізді мәжбүрлеп жатыр осылай», – дейді графика дизайнері.
Президент пен Үкіметтен қауіпсіздік сертификатын алып тастауды талап еткен Мұратбек, қазақстандықтар неліктен интернеттің бұғатталуын үнсіз қабылдап отыр дейді.
«Адамдар бұған наразылық таныту керек. Бұны бейжай қалдырмау керек деп есептеймін. Мұндай тіпті Қырғызстанда да, басқа елдерде де болмаған. Болса тек Түркіменстан мен Солтүстік Кореяда болған шығар. Бұл өте үлкен маразм және бұл біздің сөз бостандығымызды шектеу», – дейді Мұратбек Кәрімов.
Жалғызбасты пикетке кезек-кезек шыққан екі белсенді де интернеттің бұғатталуы жұмыстарына кедергі келтіретінін айтады. Сонымен қатар, қауіпсіздік сертификаты БҰҰ-ның интернет бостандығы туралы резолюциясына қайшы екенін жеткізді.