Халал тойда «сұрап жатқандар болса» деп «складқа» екі жәшік арақ әкеліп қояды, дейді асаба. Ол қазіргі тойлар қазақтың салт-дәстүріне қарама-қайшы келіп жатқанын Zamana газетіне айтып берді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақтың тойын сынап, сұқбат берген Берік Әлібаев қазақтың ойлы, мағыналы сөздері, салт-дәстүрі, тіпті дінге қатысты дүниелер – барлығы елеусіз қалуда, деп күйінеді.
«Мысалы, дінде өз-өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шықпайды дейді. Бірақ қазір жаназасын шығарып жүр. Бұл көзіміз көріп жүрген дүние. Ал тойларда той иелері «халал той» дейді де, «сұрап жатқандар болса» деп «складқа» екі жәшік арақ әкеліп қояды. Сонда арақты шәйнекке құйып берсе, Құдай оны ыдыстың ішінен көрмей қала ма? Онымен кімді алдап жатыр? Оның өзі бір мәселе», – дейді Берік мырза.
«Қазақта тұрмыста болған қызды ұзатпайды, бірақ қазір төрт рет ажырасып келсе де, бесіншісінде той жасап, ұзатады. Тұрмыста болып келген келіншектің бетін ашпайды дейді, бүгінде ол он рет күйеуге тисе де, он біріншісінде бәрібір беташарын өткізеді. Халқымыз қызды ұзатпай тұрып, екі жақтың некесі қиылмай тұрып, екі жақ бір-бірін құдалыққа шақырмай тұрып, бір-бірі «құда» деп атамаған. Қызды беташар өтпей, басына орамал тақпай тұрып, «келін» деп айтпаған. Қазір қыз жақ бірінші болып құдалық шақырады. Қызды ұзататын болса түсте құдалық, кешкісін ұзату той өтеді. Қызды шығарып салған соң ертеңіне ұл жақта той болады. Бұл уақыт жағынан ұтымды шығар бәлкім, бірақ қыз ол үйдің босағасын әлі аттаған жоқ, болашақ жарымен некесі қиылған жоқ, беташары өткен жоқ, қалай бөтен бір кісілерді «құда» деп шақырып, төс қағыстырады? Мен осы нәрсені айтамын деп көпшілікке жақпай қаламын. Осыдан кейін ұзатудың құдалықтарына мені шақырмайтын болды. Мен үн-түнсіз той басқарып, ақшамды алып қайтсам да болар еді. Бірақ асабаның міндеті жақсы костюм-шалбар киіп алып, қымбат тойға шығу емес, қазақты шежіресінен, салт-дәстүрінен ажыратпау. Осыны асабалар түсінсе деймін.
Бұл айтып отырғандарым тәлпіштік те, еріккендік те емес, болашақтың тақырыбы. Бұлай кете берсек, ертең бала-шағамыз дым білмей мәңгүрт болып өседі. Осының барлығының негізгі түп-тамыры той-жиындардан басталады. Кез келген дүниені дұрыс жағынан жеткізуіміз керек», – дейді ол.