Хайнань аралында коронавирустан адамның алғашқы ажалы тіркелді. Вирус салдарынан болған өкпе қабынуынан Ухань қаласынан шипажайға демалуға келген 80 жастағы әйел қайтыс болды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Хабар24 арнасына сілтеме жасап.
Қазір Хайнань провинциясында вирусты 31 адам жұқтырғаны белгілі. Олардың төртеуі ауыр халде.
«Біз Уханьға арнайы киім, бетперделер мен қолғаптармен қоса, медициналық құрал-жабдық жеткізіп, бүкіл ел аумағынан қосымша 900 дәрігерді жібердік. Қажет болса, бұған қоса мамандардың өзге топтары дайын тұр. Орталық үкімет Хубэй провинциясында вируспен күреске 1 млрд юань бөлді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына вирус туралы ақпарат пен оның геномын жібердік», – деді Қытай денсаулық сақтау істері бойынша мемлекеттік комитеттің басшысы Ма Сяовэй.
Вирустың таралуына байланысты Қытай өкіметі мерекелік демалысты үш күнге ұзартатынын жариялады. Елдегі бірқатар университет екінші семестрдің басталу мерзімін кейінге қалдыруды ұйғарды.
Коронавирустың жаңа түрімен күрес бойынша жұмыс тобы құрылып, оны премьер-министр басқаратын болды.