Түркіменстанда өзінің гей екенін мәлімдеген жас кардиолог пен оның отбасы жоғалып кетті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап.
Гомосексуализм қылмыс деп танылған елде қандай қиындықтармен өмір сүріп жатқаны туралы сұқбат берген ер азамат полиция бөліміне шақыртылған. Содан із-түссіз жоғалып кеткен. Тіпті оның отбасы да хабарсыз ғайып болған.
Түркіменстанда сексуалды азшылық өкілдері (ЛГБТ – лесби, гомосексуал, бисексуал, трансгендер) адам төзгісіз қиын жағдайда өмір сүріп жатқаны жайлы сұхбат берген жігіт пен оның отбасының жоғалып кеткенін Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлаған.
Белгілі болғандай, жас дәрігер Ашғабаттағы белгілі емханалардың бірінде кардиолог болып жұмыс істеген. 24 жастағы Қасымберді Гараевтың ата-анасы мен бауырлары да хабарсыз кеткен.
«Гараев гейлерді екі жыл түрме жазасына кесетін заңы бар елде билік өкілдері мен өз отбасы тарапынан қысымға ұшырағанын айтқан. Жігіттің сөзінше, оның гей екенін жақындары ғана білген. Олар Гараевты шындықты жұрттан жасырып өмір сүруге көндірмекші болған. Отбасы гей жігітке «көмектесу мақсатында» оны мәжбүрлеп үйлендіруге тырысқан, психологтар мен имамдарға апарған, «нағыз ер азаматқа айналуы үшін» жезөкшемен бірге төсектес болуды ұсынған»,- деп жазады басылым.
24 қазанда Гараев полиция бөліміне шақыртылғаны белгілі. Содан бері одан хабар жоқ.
Жігіттің жұмыс орнына хабарласқан тілшілерге «ол қазір мұнда жұмыс істемейді» деп жауап берген. Оның отбасы да Ашғабатта тұрған үйінен көшіп кеткен.
Жоғалып кетпес бұрын жігіт отбасынан кешірім сұрап, видео қалдырған екен: