Филиппин президенті Родриго Дутерте егер коронавирусқа шалдыққан адамдар қарсылық көрсетіп, күш құрылымы қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіріп жатса, оларды атуға бұйрық берді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Дутерте теледидар арқылы мәлімдеме жасап:
«Менің полиция және армияға берген бұйрығым: егер қандай да бір мәселе болса, егер олар сіздерге қарсылық көрсетіп, қауіп туғызса – атып тастаңдар. Түсіндіңдер ме? Атып, өлтіріп тастаңдар», – деді.
Ол бұл талап карантинге жатқызылып, бірақ оның ережесін сақтамағандарға да байланысты екенін жеткізді.
Президенттің баспасөз қызметі саясаткер сөзінде «гиперболаны» (асыра айту) қолданғанын айтты. Ұлттық полиция басшысы президенттің бұл сөзі мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсеткенін, тәртіпті сақтау керек екенін, бірақ ешкімге оқ атылмайтынын мәлімдеді.
Филиппинде коронавирустан 96 адам көз жұмды. Жұқтырғандар саны 2300-ге жетті. Бірақ елде тесттер жеткіліксіз болып жатқандықтан, статистиканың қаншалықты рас екенін нақты айту қиын.
Елдің Тәуелсіз ақпарат құралдары Филиппин орталығы Маниладағы кедей ауданның тұрғындары биліктен гуманитарлық көмек сұрап наразылық акциясына шыққанын хабарлап жатты. Нәтижесінде бірнеше адам ұсталған.