Алаяқтықтың құрбанына айналып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен абақтыға қамалған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі жалғасып жатқанына алты жыл болды. Осы уақыт аралығында істе қандай өзгерістер болды, адвокаттар жұмысында ілгерілеу бар ма? Stan.kz ақпарат агенттігімәселенің жәй-жапсарын Ақжарқын Тұрлыбайдың 2014 жылдан бергі адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетовтан сұрап білді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Адвокаттың айтуынша, Ақжарқынды Қазақстанға ауыстыру мәселелері бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
“Қазіргі уақытта, біз, қорғаушы жақ, соттың шешіміне шағым түсірдік. Біздің позиция – Ақжарқынның кінәлі еместігінде. Орталық Азия аймақтық ақпарат орталығының (CARICC) мәлімдемесі бойынша, оның есірткі мафиясының құрбаны екені расталды. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімшартқа сәйкес, Ақжарқынға қатысты шығарылған үкімді ҚХР юрисдикциясынан Қазақстан Республикасына ауыстыру мүмкіндігі бар. Осылайша, біз үкімді даулау және Ақжарқынды Қазақстанға ауыстыру мәселелері бойынша жұмыс істеп жатырмыз”, – дейді Сұңқар Нұрмағамбетов.
Сондай-ақ, Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты қызметтеріне ақы алмайтынын, Қытайға да өз есебінен барып келіп жүргенін растады.
“Менің қызметтеріме ешкім ақша төлемейді, Қытайға да өз есебімнен барып келетінімді растаймын. Әрине, құжаттарды заңдастыру мен рәсімдеуде, кейбір жұмыстарды жүзеге асыруда, пікір алмасуда СІМ ҚР-ның қолдауы бар екені рас”, – дейді ол.
Өзінің мұндай позициясын адвокат отандастарды қолдау маңыздылығында деп түсіндіреді.
“Ақжарқынның туыстары маған келіп көмек сұрағалы бері осы істі 2014 жылдың көктемінен бастап жүргізіп, оның адвокаты есебінде қызмет етіп келемін. Меніңше, менің орнымда болған кез келген адам осылай әрекет етуі тиіс. Еліміздегі болсын, сырттағы болсын отандастарымызға қолдау көрсету маңызды деп есептеймін», – дейді ол.
Істің хронологиясына көз жүгіртсек, оқиға Ақжарқынның Динара есімді қызбен танысуымен басталған екен. Бизнеспен айналысуды ұсынған құрбысымақ Қытайдан киім әкеп сату арқылы қомақты қаржы жинауға болатынын айтады. Кейін Динара Ақжарқынды түнгі клубта Алматыдағы киім дүкендерінің иелерімен таныстырады. Олар өз кезегінде қызды бизнес заңды екенін айтып алдайды.