Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары наиб мүфти Наурызбай Өтпенов қажылық сапарға бару тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ, ол әйел қауымының ер азаматсыз қажылыққа бара алмайтынын ескертті. Себебі, жалғыз әйел адамға виза берілмейді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
2019 жылы Қазақстаннан қажылыққа 3 200 адам барады. Оларға жылдағыдай діни басқарма құрған миссия қолдау көрсетеді. Осы орайда, қажылық сапарына баратындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін 500-ге жуық мешітте арнайы семинарлар құрылды.
Осы күнге дейін жүргізілген есеп бойынша, Түркістан облысы қажылыққа барудан көш бастап тұр.
«Егер денсаулығы жарап жатса, қажылыққа кез келген балиғат жасқа толған азамат бара алады. Қарт адамдардың денсаулығы сыр беріп жүрген болса, тек жазылғаннан кейін барғаны дұрыс. Көбінесе 30-50 жас аралығындағы азаматтар қажылыққа барады», – деді мүфти.
Әрі қарай мүфти қыз-келіншек қауымына жанында ер азамат болған жағдайда ғана виза берілетінін айтты.
«Виза бойынша қандай да бір шектеу жоқ. Ең бірінші шарт – мұсылман болу. Әйелдер жалғыз баратын болса, оларға виза берілмейді. Олардың жанында міндетті түрде ер кісі болуы керек», – деп ескертті мүфти.