Алматыда құрылыс жұмысшылар екі айдан бері жалақы алмаған. Наразылық танытқан олар жұмыстарын тоқтатып қойды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі «Алматы» арнасына сілтеме жасап.
«Ұлжан-2» шағын ауданындағы құрылыс жұмысшылары наразылық акциясына шықты. Тіпті жұмыс істеуден бас тартып отыр. Өйткені екі айдан бері қолдарына айлық ұстамаған. Жыл соңына дейін аяқталуы керек болған 21-көшедегі жөндеу жұмыстары тек жартылай ғана біткен. Ал жұмысшылардың басым бөлігі болса еліміздің оңтүстігінен келген жұмысшылар.
«Осы жерге жұмысқа тамыздың 15-де келгенмін. Содан әлі айлық алған жоқпыз. Тамақ, жататын жер осы жерден. Бірақ әлі қолымызға айлық түскен жоқ», – деді мердігер компания жұмысшысы Қайрат Айнақұлов.
Ашынған жұмысшылардың мұңын тыңдауға компания басшылығы келмеді. Жұмысшылардың келсін деген өтінішін де елемеген. Алайда компанияның жалғыз өкілі, құрылыс тобының бригадирі жалақы тек 10 күн берілмей қалған. Оның сөзінше, мұндай жағдай бірінші рет болып отыр.
«Біз тек бір айдың жалақысын беруіміз керек. Аумақ басшысы жұмысшыларға аванс беру үшін кеңсеге кетті», – дейді «Дәулет-дорстрой» ЖШС құрылыс бригадасының басшысы Айбар Әубәкіров.
Жиналған құрылысшылардың сөзінше, құрылыс жұмыстарына тапсырыс берген қалалық мобильдік басқарма қаржыны толық аудармаған. Сондықтан компанияда қаржылай қиындықтар туындап, жалақы кешігіп жатқан көрінеді. Ал басқарма белгіленген қаражат мердігер компанияға уақытылы аударылғанын алға тартқан.