Қордай ауданында аштықтан бұратылып ауру тапқан екі бүлдіршін ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғындары көршілерінің төрт және екі жастағы баласы тойып тамақ ішпей, әкесінен оңбай таяқ жегенін айтып хабарласқан.
«24ші қазан күні құзырлы мекемелердің келісімінен соң екі баланы бізге алып келді. Жағдайлары орташа болды. Екеуі де арып-ашып, әлсіреген. Балалардың дамуы баяу және салмағы аз. Тойып тамақ ішпегені көрініп тұр. Бірақ, денесінде еш жарақат немесе көгерген белгі жоқ», – дейді Иван Черных, Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.
Тілшінің сөзінше, екі баланың жағдайын көру мүмкін болмаған. Жергілікті билік олардың «жағдайы жақсы» дегенмен, екі баланы жақын күндері Қордайдан Тараз қаласына ауыстырмақшы.
Екеуінің де құжаты болмаған. Аналары болса үшінші сәбиін босанып, перзентханада жатқан көрінеді. Әйел Қырғызстан азаматы.
«Ең сорақысы, тойып тамақ ішпеген ұл мен қыз әлі де тағдыр тауқыметін тартып жүре беруі мүмкін еді. Егер келіншектің Қырғызстандағы туысқандары «қызым хабарсыз кетті» деп арызданбаса», – дейді тілші.
Осы арыздан соң тәртіп сақшылары іздеу салып, отбасын тапқан. Сол кезде-ақ бүлдіршіндердің мүшкіл халі белгілі болған.
«Олар бір жерде тұрақты тұрмаған. Біресе Алматы облысын, біресе осы жақты мекен етіпті. Үлкен ұл мен жаңа туған нәрестенің туу туралы куәлігін жасадық. Екінші қызы Қырғызстанда дүниеге келген. Оның да құжаты қалпына келтірілді. Тіпті отағасыны әкелік құқығынан айыру мәселесін жоққа шығармаймыз. Ал анасы Қырғызстан азаматы болғандықтан, сол жақтағы комиссияға жіберіледі»,- Алина Почуева, Қордай аудандық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның хатшысы.