Қазақстан аумағында экстремистік ұйым деп танылған ДВК қозғалысының төрт белсендісі қамауға алынды, деп хабарлайды Neonomad.kz Алматы полиция Департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, қамауға алынған ДВК қозғалысының төрт белсендісі үйқамақта болған екен. Бірақ қалада рұқсат етілмеген митинг өткізу үшін ережені бұзыпты. Олардың аты-жөні де белгілі: Жазира Демеуова, Оксана Шевчук, Гүлнәр Жаукерова, Әнуар Әшірәлиевтер.
«Жедел және тергеу іс-шаралары кешенін өткізу кезінде бұл ақпарат расталды. Жоғарыда аталған азаматтардың, сондай-ақ тыйым салынған ұйымның басқа да қатысушыларының тұрғылықты жерін тінту кезінде экстремистік мазмұндағы плакаттар мен парақшалар, түтіндету құтылары, дауыс зорайтқыштар, аэрозоль сыр бүріккіш баллондар, компьютерлер, байланыс құрылғысы табылды. Сондай-ақ, ірі көлемде ақша тәркіленді, тергеушілердің болжамынша, бұл қаржыны олар заңсыз акцияны ұйымдастыру мақсатында жұмсамақ болған», – деп жазылған Алматы полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.
Полицияның ақпаратынша, аталмыш қылмыстық іске қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Кейбір күдіктілер кінәсін мойындағаны белгілі. Сонымен қатар тыйым салынған экстремистік қозғалыстың басқа қатысушыларына қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.