Сенат депутаты «жалған ғалым» атанған білім вице-министрін отставкаға жіберуді талап етті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Халық қалаулысы Еділ Мамытбеков ғылыми жұмысы плагиаттық тексеруден өтпей қалған білім вице-министрі Фатима Жақыпова туралы әңгіме қозғады. Депутат Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдап, білім саласында қордаланған мәселелерді көтерді.
«Сіздер білесіздер, бір айдан астам уақыт бойы отандық БАҚ пен шетелдік ұйымдар қазақстандық вице-министрдің плагиатын талқылап жатыр. Қазір әлемде мойындалған екі антиплагиаттық жүйе басқа біреудің ғылыми жұмысын пайдалану фактісін растап отыр. Мұндай жағдайда ведомстволық ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығын пайдаланып, қазақстандық қоғамды жаңылыстыру – мемлекеттік қызметкердің этикалық кодексін бұзу болып саналады», – деді депутат.
Сенат депутатының сөзінше, жұрт арасында «жалған ғалым» атанған вице-министр әлі күнге дейін өз қызметінде жүргенін айтты.
«Неге әлі күнге дейін кадрлық шешім қабылданған жоқ?», – деді Мамытбеков.
Сөз соңында сенатор ғылыми қоғам мен жоғары білім жүйесін өзге елдер алдында Қазақстанның беделін түсірген лауазымды тұлғаның масқарасынан құтқаруды талап етті.