Атырауда жаяу жүргіншіні аямай қағып өткен көлік жүргізушісі қамауға алынды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Жантүршігерлік оқиға 21 қыркүйекте орын алды. Қатты жылдамдықта келе жатқан көлік адамды қағып өтті. Жаяу жүргіншінің денесі бөлшектеліп қалғаны белгілі.
«Таңертең 9.30-да Баймұханов көшесімен келе жатқан Toyota Camry көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісіне қатысты сот шешімімен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы үкім етілді», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полициядағылар сол күні екінші көлік – Mercedes-ті кім тізгіндегенін де анықтағандарын айтты. Видеода екі көліктің бір-бірімен жарысқанын көруге болады.
Mercedes көлігі автотұраққа қойылды.
«Жылдамдықты арттыру бойынша тергеу жүріп жатыр. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Бұдан өзге ақпараттар ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», – дейді полициядағылар.