Ұл-қыздарын мектепке дайындауға кіріскен көпбалалы аналар әкімдікке ашулы. Өйткені бөлінген қаражат ештеңеге жетпейді, дейді. Оған қоса, құрал-жабдықтар мен киім-кешектерді арнайы бекіткен дүкендерден ғана алуға рұқсат етіпті. Ал ондағы баға тіптен аспандап тұр екен, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Даудың басы – әкімдік берген 30 мың теңгенің сертификатынан басталды. Биыл мектепке баласын дайындап жатқан көпбалалы аналарға көмек ретінде бюджеттен 200 млн теңге бөлініпті. Алайда, керек құрал-жабдық пен форманы тек әкімдік бекіткен 7 дүкеннен ғана алуға рұқсат. Аналарды алаңдатып, ашуына тиіп жатқан да осы. Өйткені ол жерлерде тек отандық өндірушілердің киімдері сатылады. Сәйкесінше, бағасы да қара базардан әлдеқайда жоғары.
«Мұндағы мәселе мектеп формасының бағасында емес, сапасында. Иә, әрине базардағы баға арзанырақ шығар, бірақ ол жердегі киімдер әрі кетсе, бір тоқсанға ғана жетеді. Ал бұл жерде тек отандық өндірушілердің жұмыстары. Қанша жыл кисе де, тозбайды деп сеніммен айта аламыз», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.
Сатушылардың сөзінше, тауарлары былтырғымен салыстырғанда 20-30 пайызға қымбаттаған. Сондықтан баласына сапалы дүниелерді алғысы келген ата-аналардың қалтасы мұнда да біраз қағылатын көрінеді.
«Бәрі қымбат. Өте. Кей адамның жағдайы көтереді, кей адамның жағдайы көтермейді. 37-150 мың кетті. Құр киімдеріне. Концелярияны біз енді жартылай алдық, бірақ өте қымбат. Әртүрлі баға ұстайды. Баға ойнап тұрады. Неге олай?» – дейді қала тұрғыны Шынар Айтжанова.
Бас санитар іші бос сөмкенің салмағы 1 келіден аспауы керек, мектеп формасы табиғи талшықтан, ал аяқ киімі теріден тігілуі тиіс деп айтқан еді. Алайда оған құлақ асып жатқандарды мүлдем жоқ.
«Қазір енді өздеріңіз білесіздер, кішкентай балалардың сөмкелері үлкен. Сондықтан ата-аналар үлкен сөмке алғысы келеді. Ауыр болса да, жеңіл болса да қарап жатқан жоқ. Тек кітап сыйса болды деп сондай сөмке алып жатыр», – деді сатушы Майра Болатқызы.
Арна тілшісі базар аралап, бағаны саралағаннан кейін бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 70 мың кететінін анықтағанын айтады.