Дүниежүзілік банктің коронавирус пандемиясына арналған есебі 9 сәуірде жарияланды. Онда Қазақстан экономикасы өсімінің тежелуі «әбден мүмкін» екені айтылған, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Дүниежүзілік банк (ДБ) Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 0,8 пайыз қысқаруы мүмкін деп болжайды. Басты себеп – мұнау мен өнеркәсіп тауарларына сыртқы сұраныстың күрт төмендеуі мен COVID-19 вирусын тежеу жөніндегі шаралар, тұтыну сұранысы мен инвестицияның азаюы.
Пандемияның кері әсері мен жаһандық экономикалық рецессия «елдегі онсыз да әлсіз экономикалық өсімді» тежемей қоймайды деп есептейді ДБ.
Қазақстандағы екі ірі қала – Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы карантиннің ұзаққа созылуы елдің экономикалық белсенділігін «тұралатады», өйткені бұл қалалар мемлекеттік жалпы ішкі өнімінің үштен бір бөлігінен астамын береді. Коронавирус аймақтарға таралып, сыртқы экономикалық орта одан сайын құлдыраса, онда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі «2020 жылы үш пайызға» қысқаруы мүмкін деп болжайды Дүниежүзілік банк. Соның кесірінен елдегі кедейшілік деңгейі «одан сайын артады» деп есептейді экономистер.
Қазақстан билігі Ұлттық қорды қалай пайдаланатынын әлі ашып айтпады делінген есепте. Бірақ мемлекет қазынасына салық кем түскен жағдайда, билік «қосымша ресурстарды» пайдалануы мүмкін. ДБ мәліметінше, мемлекет бюджетті сырттан қарыз алу немесе Ұлттық қордан қосымша қаржы аудару арқылы толықтыруы мүмкін.
Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланған. Бірнеше қала карантинге жабылды. Ұлттық валюта құны бірнеше аптаның ішінде доллармен салыстырғанда 18 пайыз төмендеді. Билік пандемияның экономикаға соққысын азайту үшін Ұлттық қордан қаражат алып, сыртқы нарықтан үш миллиард доллар қарыз сұрайтынын мәлімдеген.