Елорда іргесіндегі 96-разъезд тұрғындары өз үйлерінің жанындағы медициналық қалдықтарды жоюға арналған цехтың жұмысына қарсы. Өйткені, ол жерден шыққан түтіннен демалу мүмкін емес, дейді. Жеке кәсіпкермен 4 жылдан бері күресіп келе жатқан жұрттың шыдамы әбден таусылыпты. Нұр-Сұлтанның барлық медициналық мекемелерінен шыққан қоқыс осында төгіледі екен. Тіпті, әлеумет адам қалдықтары сол маңдағы қаңғыған ит-мысықтардың жемтігіне айналуда деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
«Бұл медициналық қалдықтарды өртейтін жер жекенің меншігінде болғандықтан бізді мұнда камерамен кіргізген жоқ. Тек, ұялы телефонға түсіруге тура келді. Байқағанымыздай қоршаудың арғы жағындағы медициналық қалдықтар бірнеше күн өртелмегендіктен, тау болып үйіліп жатыр. Ал тұрғындардың сөзінше, бұл жерде 4 бірдей пеш бар. Оның күндіз тек біреуі жұмыс істейді. Ал түнде жұмыс қыза түседі, – дейді арна тілшісі.
Жұрт арасында «96-разъезд» аталып кеткен елдімекендегі медициналық қалдықтарды жоятын цехтан тұрғындар әбден мезі болған. Шыдамы тауысылып кеше ауылға кіреберіс жолды жауып, қоқыс тиелген көлікті ұстап, ішінде не барын білмек болыпты.
Төрт бірдей мұржасы бар бұл цехтан шыққан қою қара түтін ауылдың барлық жерінен көрінеді. Жел тұрса айналаға тарап, иісінен жүректері айниды екен. Оның үстіне айналаға шашылған шприцтермен балалар ойнап жүрген көрінеді.
«СЭС-тен келді, тек 120 кг жағады дейді. Қайдағы, кеше 100 шақты кісі газельді тоқтатып, шопырға есігін ашқыздық. Ол қорыққанынан ашты. Пакет, контейнер болса, ештеңке етпейді. Кәдімгі қоқыс мүшегінен қан ағып жатыр. Ал егер пакет жыртылса не болмақ?», – дейді Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғыны Қайырхан Рамазанов.
Кейде елорданың медициналық мекемелерінен келген қалдықтың көптігінен жоятын цех күні-түні жұмыс істейді екен. Тіпті, айналада толып жүрген ит-құстар адамның дене мүшелерімен қоректеніп жүргенін айтады адамдар.
«Бұл медициналық қалдықтардың барлығы адам өміріне зиян. Көп тұрғын түрлі аллергиялық ауруларды жұқтырып жатыр. Жақында ауыл шетіне адамның қалдықтарын жабайы иттер сүйреп алып келді деп естідік. Цех қожайыны қандай заттарды өртейтінін ашып айтпай жатыр. Бұл жер жабылғанын қалаймыз», – дейді Ыбырай ауылының тағы бір тұрғыны Виталий Бадло.
Ал, осы цехтың өкілі болса жұрттың бұл айтқанымен мүлде келіспейді. Өздерінің тек медциналық қалдықтарды жоюмен айналысатынын айтып ақталып бақты.
«Ия, өртейміз. Алып келген заттарды, қалдықтарды – бәрін уақытылы жабу керекпіз. Оны тоқтатып қоя алмаймыз. Енді түнде тоқтата алмаймыз. Түнде бізге жұмыс істеу керек. Жоқ, оның бәрі өтірік сөз. Ондай ешқандай келмейді. Біздің өзіміздің ауруханамен келісіміміз бар. Біз халат, бинт және памперс сындылады жағамыз», – дейді медициналық қалдықтарды өртейтін өндіріс басшысы Ришат Сатамбеков.
Қалдықтарды жоятын цехтың өкілдері енді түнде заттарды өртемейміз деп уәде берді. Бірақ, ашынған жұрт адам денсаулығына зиян келтіретін мұндай орынды жаппай тынбаймыз деп құзырлы органдарға шағым түсірмек ниетте.