«Борат» фильмінде басты рөлдердің бірін сомдамаса да, ерекше танымалдыққа ие болған қаранәсілді кейіпкер аяқ асты 105 мың долларға байып кетті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Күтпеген жерден «Борат-2» фильмінің жұлдызына айналып шыға келген Джинис Джонс сюжет бойынша Бораттың қызы Тутарға қарайтын күтушінің рөлін сомдайды. Фильм шыққаннан кейін Джиниске түсіру тобы небәрі 3600 доллар төленгені белгілі болған.
Пандемияға байланысты жұмыссыз қалған Джинис фильмге түсуге келісімін бергенде, оның «Борат» фильмі екенінен хабарсыз болғанын және АҚШ туралы деректі фильмге түсіп жүрмін деп ойлағанын алға тартты. Көп ұзамай, GoFundMe қорын ашқан қайырымды жандар көптің көмегімен оған 105 мың доллардан астам қаражат жинап беріпті.
«Маған барлығы 3600 доллар төленді. Бұл әділетті болды деп ойламаймын. Себебі, мен олар Америка туралы деректі фильм түсіріп жатыр деп ойладым. Өзім кінәлімін, қағаздарға қол қойған кезде бәрін мұқият оқымаған едім», – дейді Джинис Джонс.