Танымал әнші Қайрат Нұртас әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы Димаш Құдайбергенге қызыға қарайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол өнердегі бауырына жолының ашық болуын тіледі, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
«Менің бала арманым – Джеки Чанмен кездесу болды. Бұл маған әлі бұйыра қоймады. Десе де Димаш бауырыма бұйырып үлгерген екен. Талантымен бүкіл дүниежүзін таңқалдырып жатқанына қуаныштымын! Алланың құдіреті шексіз ғой. Басыңнан бағың таймасын, Димашжан», – деді Қайрат Нұртас.
Димаш Құдайберген өз кезегінде ағасына деген алғысы шексіз екенін жеткізді.
«Қайреке, Алла разы болсын сізге. Аман болыңыз», – деп жауап қайырды ол.
Әлеуметтік желі қолданушылары өз кезегінде олардың сыйластығына ерекше қызыға қарап отырғанын жасырмады. «Болар елдің балалары осылай бір-бірін батырым дейді» деп қоштай түсті. Олардың арасында танымал жұлдыздар да болды.