Әкімдердің көзіне көрінбейтін, ұмыт қалған ауыл. Алматы облысы, Панфилов ауданындағы Бөрібай би деп аталатын елдімекеннің тұрғындары өздерін осылай атайды. «Өркениеттен тыс қалдық, біз тек сайлау кезінде ғана керекпіз» деп қынжылатын халық әлі күнге дейін жолсыз, байланыссыз күн кешіп келеді. Жол мен байланыс болмағаннан кейін жедел жәрдем шақыртудың өзі бір әуре. Әйтпесе, бұл елдімекенде 500-дей адам тұрады. Ауылдың құрылғанына әне-міне 90 жыл толайын деп отыр екен, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
«Сотка, міне, осындай уақытта біз ала алмаймыз. Біресе, ана төбеге шығамыз, біресе мына төбеге шығамыз. Сол алса алды осындай болып жатыр. Өркениеттен тыс қалды деуге болады, мінекей. Кейіндеп бара жатыр. Көбіне білмей отырған жоқ. Бәрі келіп, біліп жүр», – дейді Бөрібай ауылының тұрғыны Жайлаубай Көбенбаев.
Бөрібайлықтар құрғақ уәдеге әбден тойғандарын айтады. Жол жасап, байланыс орнату және заманға сай мектеп салу қажеттілігі туралы бірнеше рет сұраныс жасаған екен. Алайда, мәселе осы уақытқа дейін шешілмеген. Жалпы, ауылымыз аудан орталығы Жаркенттен шалғай орналасқандықтан, назардан тыс қалып отырмыз, дейді.
«Тәуелсіздік алғалы бері қарай, мектепке жапсарлас бір 3 класс салынды. Сонан кейін ауызсу бағдарламасы келді 2017 жылы. 2018-де бір көшеге топырақ төгілді. Затбек көшесіне. Ал, басқа онан кейін біз осы ауыл 32-жылы колхоз болып құрылғалы бері басқа үкімет тарапынан ештеңе байқап тұрғанымыз жоқ. Клубымыз да, мектебіміз де сол заманғы», – дейді Бөрібай ауылының тұрғыны Бейбіт Әбдірешев.
Мектеп ғимараты соғыс кезінде салынған екен. Кейін апатты деп танылып, 1985 жылы оның жанынан жапсарлас нысан бой көтерген. Алайда, оның өзі заманға сай емес. Арнайы кабинеттер мен спорт залы да жоқ. Мұнда қазір 103 бала оқып жатыр.
«Оқушыларымыз әзірге мына күн жылы уақытта далада ойнайды. Күн қар жауып, неғылғаннан кейін, жаңағы мектептің ішінде отыруға тура келеді. Әрине, ол заманға сай мектеп келсе, барлық кабинет болса, біздің оқушыларымыз одан да жоғарғы білім сапасын көрсетеді деп ойлайыз», – дейді Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектеп директорының орынбасары Ғалымжан Бұрымтаев.
Ауылда қазір 100 шақты үй бар. Ішкі жолдары ойқұш-ұйқыш. Асфальт та төселмеген. Көшелерін ретке келтіру былай тұрсын, 6 шақырымдық кірме жолдың өзі кезінде картаға енбеген екен. Бертінде ғана мемлекеттік актісі жасалыпты.
«Бөрібай би ауылының 5-6 км жолын жаңағы шешімін шығарып, гос актісі жасалды. Бүгінгі күнде ПСД-ға ақша сұралып отыр. Ақшасы бөлінді. Қазір конкурсқа беріледі енді. Бөрібай би ауылының жолын 2021-жылы жасау жоспарлануда», – деді Қоңырөлең ауылдық округінің әкімі Нұрлан Берікұлы.
Кеңестік кезеңнен қалған клубы да қабырғасы сөгіліп, құлағалы тұр. Апатты жағдайда екен. Ал, жиын, мерекелік шара бола қалса, мектеп ғимаратын оқушылармен ортақтасуға мәжбүр. Осылай деп мұң шаққан ауыл тұрғындары жергілікті билік мәселемізге назар аударса, – дейді.