Депутат Гүлжан Қарағұсова әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың көбейгеніне таңғалды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттықа агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Депутат мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне күдіктеніп қалды. Өйткені атаулы әлеуметтік көмекті алып жатқандардың саны тым көбейген. 2019 жылдың нақтыланған республикалық бюджет жобасын қарастыруға қатысқан Гүлжан Қарағұсова осындай пікірде.
«Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекті алып отырған адамдардың саны 1 миллион 800 мың адамға жуықтады. Тәуелсіздік жылдары ішінде ондай болмаған. Бізде жұмысқа қабілетті 8 миллион адам бар. Сонда олардың ішінде шамамен 2 миллионы атаулы әлеуметтік көмекті алып отыр», – деді Қарағұсова.
Кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Қарағұсова 2007 жылды еске алды. Ол кезде ақша тапшы, жұмыс орындары да аз болған. Осындай қиын жағдайға қарамастан атаулы әлуметтік көмекті алатындардың саны 1 миллион 500 мың адамнан 500 мыңға дейін қысқарған болатын айтты. Депутаттың сөзінше, мұндай нәтижеге жұмыспен қамту саласындағы тиімді шаралар демеу болған көрінеді.
«Сонда осы уақытқа дейін қолға алынған ауқымды жұмыспен қамту бағдарламалары нені өзгертті? Біз «Атамекенге» маман дайындау, қайта даярлау және шағын кредиттерге қыруар қаржы беріп келдік. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы басталды. 1 200 кәсіпорынды аштық. Біз үнемі жалақының көлемін көтеріп отырамыз. Не болып қалды? Осының бәріне кім жауап береді?», – деп атап көрсетті Қарағұсова.
Депутат жұмыс тобы аясында жұмыспен қамту бағдарламасына бөлінген барлық ақшаны есептеп, талдау жасаймыз деп отыр.