24 маусым күні жарылыс болған Арыс қаласында 18 жастағы жігіт есінен танып көз жұмды. Бұл соңғы кезде болған Арыстағы алғашқы өлім емес. Сол себепті тұрғындар өңірде радиация қаупі бар деп қорқып отыр. Алайда қала әкімі мұны жоққа шығарып, халықты сабырға шақырды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Шымкентте білім алатын студент дүкенге шығып, кейін сол жерде құлап көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша жүрегі тоқтап қалған. Қара жамылған отбасы аталған жағдайға қатысты сұхбат беруден бас тартты. Оқиғаның мән-жайын марқұмның анасының құрбысы баяндады.
«Сырқат дегенді білмейтін сап-сау жүрген бала еді. Жап-жарқын, отбасының қамқоршысы болды. Түс кезінде дүкенге барып, сол жақта талып құлап көз жұмды. Шынымды айтсам, сене алмай отырмыз. Көз алдымызда жүгіріп жүрген бала еді. Бірақ әзірге өлімінің нақты себебі анықталмады. Дәрігерлер қорытынды жасау үшін денесін алып кетті», – дейді Алтынай Шынтасова.
Тұрғынның айтуынша, Арыста болған жарылыстан кейін осы секілді оқыс өлімдер көбейген.
«Жуырда ғана торабтық ауруханаға жақын жерде тұратын ер адамның дәл осылай есінен танып көз жұмғанын білеміз. Сондай-ақ, осы жердегі мекемелердің бірінде еден жуатын әйелдің де кенеттен көз жұмғанын білеміз. Бұдан өзге сыныптасым да бақилық болды. Былайынша сап-сау жүрген адамдар. Егер жасы келген адамдар қайтыс болып жатса, түсінетін едім. Осы жап-жас адамдардың артында еңіреп бала-шағасы қалды. «Арыста радиация жоқ» деп айтады. Егер жоқ болса, неге денсаулығымыз дәл бұлай жиі сыр беріп жатыр? Неге өлім көбейіп кетті?» – деді Алтынай Шынтасова.
Алайда Арыс әкімі Мұрат Қадырбек қалада еш радиация қаупі жоқ екенін, сондай-ақ, осы күнге дейін тиісті тексерулердің барлығы жүргізілгенін айтты. Мұнымен қатар, ол қандай да бір қауіп болса, тұрғындардың қалаға кіргізілмейтінін айтты.